Қазақстандық балуан күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты

Фото: UWW
Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Қазыбек Қалмағамбетов Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Қалмағамбетов венгриялық Петро Житобозды 7:5 есебімен жеңіп, кем дегенде күміс медальді қамтамасыз етті.
Қазақстандық балуан финалға дейін бірнеше қарсыласынан басым түсті. Ол германиялық Себастьян Вагнерді 9:0, америкалық Эмрин Брайан Наттерді 1:1 есебімен қосымша көрсеткіш бойынша және мысырлық Мохамед Хасан Ахмед Мохамад Абдельрехимді 4:1 есебімен жеңді.
Финалда Қалмағамбетов Беларусь өкілі Михаил Марковскиймен кездеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның тағы бір өкілі Еркебұлан Анапия 77 келіге дейінгі салмақта медальға бір қадам қалғанда жарысты аяқтады. Қола медаль үшін белдесуде ол ирандық Амир Махди Мохаммад Саеди Навеге 3:5 есебімен есе жіберді.