Қазақстандық балуандар жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 14 медаль жеңіп алды

Фото: UWW
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дананг қаласында өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатында 14 медаль жеңіп алды. Қоржынымызға үш алтын, төрт күміс және жеті қола жүлде түсті.
Еркін күрестен 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділет Рысбай Азия чемпионы атанды. Мардан Орынбасаров (60 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды. Ал Сабыржан Рахатов (51 келіге дейін), Темірғали Мұрат (55 келіге дейін), Әділбек Ерболатов (80 келіге дейін) және Нұрислам Айтуған (92 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Грек-рим күресінде Қуанышбек Жанажол (51 келіге дейін) мен Мирас Махамбет (65 келіге дейін) алтын медаль еншіледі. Арыстан Темірғали (110 келіге дейін) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Әли Алмас (45 келіге дейін) пен Датқа Лесбек (48 келіге дейін) қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер күресінде Інжу Баққожа (46 келіге дейін) мен Арайлым Көпжасар (53 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. 49 келіге дейінгі салмақта Аянат Мейнамбай қола медаль иеленді.
Жасөспірімдер арасындағы күрес түрлерінен Азия чемпионаты Вьетнамда өтіп, 1 маусым күні аяқталды.