Қазақстандық баскетболшылар Азиадада Гонконгты овертаймда жеңді

Фото: Нұрғали Жұмағазы
Қазақстан әйелдер құрамасы Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Топтық кезеңнің соңғы матчында қазақстандық баскетболшылар Гонконг құрамасын 80:77 есебімен жеңді. Төртінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп, кездесуді овертаймға ауыстырды (68:68). Қосымша уақытта қазақстандықтар 12:9 есебімен басым түсті.
Жеңімпаздар сапындағы ең нәтижелі ойыншы Анастасия Алишаускайте болды. Қорғаушы 22 ұпай жинады. Қазақстан топтық кезеңді бір жеңіс және екі жеңіліспен аяқтады. Бұған дейін команда Филиппиндерден (58:86) және Жапониядан (23:88) жеңілген еді.
В тобында үшінші орын алған Қазақстан құрамасының жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар. Регламент бойынша үш топтың әрқайсысынан үздік екі команда және үшінші орын алған үздік екі құрама ширек финалға шығады.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.