Сұлтанова Азиададағы екінші медальдан айырылып қалды

Фото: Владислав Семёнов
Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарындағы топтық жарыста сегізінші орын алды. Жарыс Айти префектурасының Синсиро қаласында өтті.
Сұлтанова қашықтықты 2 сағат 51 минут 41 секундта бағындырды. Елизавета Склярова 15-орынға, Виолетта Казакова 23-орынға жайғасты.
Екі күн бұрын Сұлтанова жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанға осы Азиададағы алғашқы алтын медальді сыйлаған еді. Оның жеңіске жеткен нәтижесі – 36 минут 23,72 секунд. Топтық жарыс Сұлтанованың Азия ойындарындағы соңғы старты болмауы мүмкін. Қазақстандық спортшы тректегі көпсайыс – омниумда да бақ сынауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.