Қазақстандық Дамир Төленовтің RCC лигасындағы дебюті өтпейтін болды

Фото: krocsportsmy / Instagram
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері, OCTAGON лигасының бұрынғы чемпионы Дамир Төленов (12-1) 7 қарашада Екатеринбургте өтетін RCC Intro 40 турниріне қатыспайды.
«Қазақ Сехудосы» лақап атымен танымал отандасымыз ресейлік Вальмир Галиевпен (12-2-1) кездесуі тиіс еді. Алайда қарсыласы ауырып қалып, ұйымдастырушылар оған алмастыратын басқа спортшы таба алмаған.
Бұл туралы Төленов Instagram парақшасында хабарлады.
«Ассалаумағалейкум, баршаңызға! 7 қарашаға жоспарланған жекпе-жек өтпейтін болды. Қарсыласым ауырып қалды. Біз толық дайын болдық, бірақ оның орнына басқа қарсылас табылмады. Бәлкім, бұйырмаған шығар. Баршаңызға рақмет! Біз әлі міндетті түрде жекпе-жек өткіземіз», – деп жазды спортшы.
Айта кетейік, Дамир Төленов бұған дейін OCTAGON лигасының аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленген.
RCC Intro 40 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Темірхан Темірханов (16-1) пен бразилиялық Раймундо Батиста (19-3) кездеседі.