Қазақстандық Дияр Нұрғожай UFC-дегі бесінші жекпе-жегіне дайындығын көрсетті

Фото: inst_nurgozhay_diyar
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай 21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night 294 турниріне қатысу үшін аталған елге келді.
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Instagram парақшасында жаттығу кезіндегі суреттерін жариялады.
«Ассалаумағалейкум! Мен дайынмын», – деп жазды Нұрғожай.
Қазақстандық спортшының қарсыласы америкалық Алик Лоренц болады. Жекпе-жек ABHA Arena кешенінде өтеді.
Бұл Нұрғожайдың UFC ұйымындағы бесінші кездесуі болмақ. Оның кәсіби мансабында 12 жеңіс пен екі жеңіліс бар.
Соңғы жекпе-жегін қазақстандық спортшы тамыз айында өткізіп, бразилиялық Бруно Лопесті бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Осылайша Нұрғожай алдағы кездесуге қатарынан екі жеңіспен келіп отыр.
Ал америкалық Алик Лоренц үшін бұл UFC-дегі алғашқы жекпе-жек болмақ. Оның кәсіби рекорды – сегіз жеңіс және екі жеңіліс.
Лоренц бұған дейін Dana White's Contender Series жобасында сәтті өнер көрсетіп, UFC ұйымымен келісімшартқа қол жеткізген.
Айта кетейік, Дохадағы турнирдің басты жекпе-жегінде UFC-дің бұрынғы чемпионы Иржи Прохазка мен Навахо Стирлинг жартылай ауыр салмақта кездеседі.