Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Қазақстандық дзюдошылар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екінші күнінде жүлдесіз қалды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: IJF

Фото: IJF

Қазақстан құрамасы Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екінші жарыс күнін медальсіз аяқтады.

20 қарашада татамиге алты қазақстандық спортшы шықты. Олардың екеуі ғана 1/8 финалға дейін жетті.

81 келіге дейінгі салмақта Досбол Балғабай 1/8 финалда қытайлық Ши Чжэньюйден жеңілді. Ал 63 келіге дейінгі салмақта Айдана Әбіханова дәл осы кезеңде үндістандық Линтхой Чанамбамға есе жіберді.

Осы салмақта өнер көрсеткен Дамеля Асылханова словениялық Лейла Мазузиден жеңілді. Ал 70 келіге дейінгі салмақта Шынар Бітімбай алғашқы белдесуінде нидерландылық Луна де Кокқа жол берді.

Ерлер арасында 81 келіге дейінгі салмақта Омар Нұрбергенов польшалық Шимон Шуликтен жеңілсе, 73 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедәлі Закиров жапониялық Юра Ёкоодан өте алмады. Екі спортшы да алғашқы белдесуден кейін жарысты аяқтады.

Осылайша әлем чемпионатының алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әзірге бірде-бір медаль жеңіп алған жоқ.

Айта кетейік, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жекелей бәсекелері 19–21 қараша аралығында өтеді. Ал 22 қарашада командалық жарыстар ұйымдастырылады.

Қазақстандық дзюдошылар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екінші күнінде жүлдесіз қалды – sport-hub