Қазақстандық маунтинбайкер Қытайда екінші орын алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық спортшы Татьяна Генелева Қытайдың Гуйян қаласында аяқталған маунтинбайктан Азия сериясының кезеңінде екінші орын иеленді.

Генелева элиталық санаттағы әйелдер арасындағы XCC жарысында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы қашықтықты 25 минут 6 секундта бағындырды. Жарыста Қытай өкілі Тин Ван 24 минут 14 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Тағы бір қытайлық спортшы Цзыи Чжан 25 минут 56 секунд көрсеткішпен мәреге үшінші болып жетті.

Айта кетейік, XCC — кросс-кантридің қысқа әрі қарқынды түрі. Қатысушылар ықшам трассада жарысады, ал жарыстың ұзақтығы әдетте 20-30 минут шамасында болады.

Гуйяндағы кезең құрлықтық рейтингтік турнир мәртебесіне ие болды. Жарысқа Азияның алты елінен келген 16 команда құрамындағы 226 спортшы қатысты.