Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық семсерлесуші Саркисян Азия ойындарының қола жүлдегері атанды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Артем Саркисян Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарындағы семсерлесуден жеке турнирде қола медаль иеленді. Жартылай финалда қазақстандық семсерлесуші Оңтүстік Корея өкілі О Сан Укке 9:15 есебімен жол берді.

Саркисян жартылай финалға Оңтүстік Кореяның тағы бір өкілі До Гён Донды 15:14 есебімен жеңгеннен кейін шыққан болатын. Оның қарсыласы Париж-2024 Олимпиадасының командалық семсерлесуден чемпионы.

Келесі жекпе-жекте Саркисян бұдан да атақты қарсыласпен кездесті. О Сан Уктың қоржынында үш Олимпиада алтыны бар: Токиодағы командалық жарыстағы жеңіс және Париждегі жеке және командалық сайыстардағы екі чемпиондық.

Айта кетейік, Азия ойындарының жеке турнирінде үшінші орын үшін жекпе-жек өткізілмейді. Сондықтан жартылай финалда жеңілген екі спортшы да қола медаль алады.

Саркисян Азия ойындарында қатарынан екінші рет медаль иеленіп отыр. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол ерлер арасындағы семсерлесуден Қазақстан құрамасымен бірге қола жүлдегер атанған. Сол кезде қазақстандықтар жартылай финалда Оңтүстік Кореяға 41:45 есебімен жеңілген еді.

2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.