Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық саблист Саркисян Азиадада Олимпиада чемпионын жеңді

Бекарыс Әлімхан··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстандық саблист Артём Саркисян Айти және Нагоядағы (Жапония) Азия ойындарының жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі, Олимпиада чемпионы До Гён Донды 15:14 есебімен жеңді.

Қазақстандық спортшының қарсыласы 2024 жылғы Олимпиада да командалық сабль сайысында алтын медаль жеңіп алған еді. Саркисян бір ғана ұпай айырмасымен жеңіске жетіп, енді финалға шығу үшін күреседі.

Жартылай финалға шыққан қазақстандық спортшы кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті. Азиададағы семсерлесудің жекелей сайысында жартылай финалда жеңілген екі спортшы да қола жүлдегер атанады.

Тағы бір қазақстандық саблист Нұрмұхаммед Жайлыбай іріктеу кезеңінде жарысты аяқтады.

Әйелдер арасындағы рапира сайысында Алёна Гноева мен Софья Ақтаева 1/8 финалдан аса алмады. Гноева жапониялық Юка Уэноға 3:15 есебімен есе жіберсе, Ақтаева Гонконг өкілі Дафне Чаннан 11:15 есебімен жеңілді.

Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 4 қазанға дейін жалғасады.