Қазақстандық теннисші WTA жұптық рейтингіндегі орындарын білді

Фото: Jimmie48
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартылған жұптық әлемдік рейтингті жариялады.
Көш басында чехиялық Катерина Синякова қалды. Екінші орында америкалық Тэйлор Таунсенд, үшінші сатыда канадалық Габриэла Дабровски тұр. Төртінші орынды бельгиялық Элизе Мертенс иеленсе, бесінші орында қазақстандық Анна Данилинамен жұптасып өнер көрсететін сербиялық Александра Крунич орналасқан. Ал Данилинаның өзі әлемдік рейтингте алтыншы орында тұр.
Юлия Путинцева бір сатыға көтеріліп, енді жұптық рейтингте 346-орынды иеленеді. Елена Рыбакина 392-орында тұр.
Басқа қазақстандық теннисшілерге келсек, Жібек Құламбаева алты сатыға жоғарылап, 167-орынға шықты. Инкар Дюссебай алты орынға төмендеп, 485-орында. Асылжан Арыстанбекова 489-орында тұр, ал Соня Жиенбаева бірден 94 сатыға көтеріліп, 606-орынға жетті. Аружан Сағандықова қазір 639-орында, ал Сандуғаш Кенжибаева 50 сатыға жоғарылап, 933-орынға орналасқан.
Айта кетейік, 2 шілдеде Уимблдонның жұптық турнирі басталады. Анна Данилина Александра Круничпен бірге алғашқы матчында канадалық Лейла Фернандес пен қазақстандық Юлия Путинцеваға қарсы ойнайды.