Басты бет
·
Теннис

Қазақстандық теннисшілер Ақтөбедегі халықаралық турнирде үш чемпиондық атақ жеңіп алды

Дина Хамзина··
ҚТФ

ҚТФ

Қазақстандық жас теннисшілер үш чемпиондық титулға қол жеткізіп, турнирдің төрт бірдей санатында финалға шықты.

Ақтөбеде J60 Aktobe Open-1 халықаралық жасөспірімдер турнирі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер үш чемпиондық атаққа ие болды.

Жарыс 24-31 қазан аралығында ACE теннис орталығының корттарында өтті. Турнирде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Армениядан келген спортшылар бақ сынады.

Ерлер арасындағы жекелей сында финалға шыққан екі теннисші де қазақстандық болды. Шешуші кездесуде ақтөбеліктер Мансұр Саинов пен Хақназар Жеткербай өзара кездесті. Нәтижесінде Саинов жеңіске жетіп, Жеткербай турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Қазақстан құрамасы әйелдер арасындағы жекелей сында да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Екібастұздық Ясмин Дюсембаева финалда ресейлік Кристина Камолованы жеңді.

Саинов жекелей сындағы жеңісімен шектелмеді. Ол жерлесі Мансұр Қакамбетовпен бірге жұптық сында да топ жарды. Финалда қазақстандық дуэт астаналық Мұстафа Мұстафа Арафат пен әзербайжандық Рафаэль Гусейновтан басым түсті.

Осылайша, Саинов J60 Aktobe Open-1 турнирінде бірден екі чемпиондық атақ жеңіп алған жалғыз теннисші атанды.

Әйелдер арасындағы жұптық сында да қазақстандық спортшылар финалға дейін жетті. Астаналық Гаухар Ақтан мен алматылық Эвелина Балаганская шешуші кездесуде ресейлік Валерия Галяева мен Кристина Камоловаға есе жіберіп, екінші орынға ие болды.

Жалпы, Қазақстан өкілдері турнирдегі төрт чемпиондық атақтың үшеуін жеңіп алды. Сонымен қатар отандастарымыз жарыстың төрт санатының барлығында финалға шықты.

J60 Aktobe Open-1 ITF халықаралық жасөспірімдер күнтізбесіне енген және қатысушыларға рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік берген турнир болды.

Қазақстандық теннисшілер Ақтөбедегі халықаралық турнирде үш чемпиондық атақ жеңіп алды – sport-hub