Қазақстандық теннисшілер Ташкенттегі WTT Feeder турнирінде күміс жүлде иеленді

Фото: olympic.kz
Кирилл Герасименко мен Искендер Харки Ташкентте өткен WTT Feeder сериясындағы халықаралық турнирде Қазақстан қоржынына күміс медаль салды.
Финалға дейін қазақстандық жұп үш сенімді матч өткізді. Алғашқы кездесуде Герасименко мен Харки тартысты ойында франциялық Эстебан Дорр мен Флориан Буррассоны 3:2 есебімен жеңді. Одан кейін Өзбекстан өкілдері Шохрух Искандаров пен Кутбидилло Тешабоевты айқын басымдықпен (3:0) ұтты. Ал жартылай финалда ресейлік Денис Ивонин мен Никита Артеменкодан 3:1 есебімен басым түсті.
Шешуші финалдық матчта қазақстандықтар ресейлік Максим Гребнев – Лев Кацман жұбымен кездесті. Финал қарсыластардың үш партияда жеңісімен аяқталды – 0:3.
Финалдағы жеңіліске қарамастан, Герасименко мен Харки жоғары деңгейде өнер көрсетіп, турнирді күміс жүлдемен аяқтады. Олар Қазақстан құрамасының медаль қоржынын толықтырды.