Қазақстандық төреші волейболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатына тағайындалды

Фото: volley.kz
Халықаралық волейбол федерациясы (FIVB) қазақстандық төреші Юлия Акулованы 2026 жылғы ерлер арасындағы клубтық әлем чемпионатында қызмет ететін төрешілер құрамына қосты.
Бұл туралы Қазақстан волейбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Турнир 15–20 желтоқсан аралығында Польшаның Сосновец, Катовице және Ченстохова қалаларында өтеді.
Әлем чемпионы атағы үшін төрт құрлықтан сегіз клуб бақ сынайды. Олардың қатарында турнирдің қазіргі жеңімпазы италиялық «Перуджа», польшалық «Алурон Варта Заверце», түркиялық «Зираат Банккарт», бразилиялық «Сада Крузейро» мен «Волей Рената», ирандық «Фулад Сирджан», индонезиялық «Джакарта Бхаянгкара Пресиси» және мысырлық «Аль-Ахли» бар.
Айта кетейік, Юлия Акулова биыл жазда AVC Gala марапаттау рәсімінде Азияның үздік волейбол төрешісі атанған болатын.
Сонымен қатар тамыз айында қазақстандық маман Польша мен АҚШ құрамалары арасындағы ерлер Ұлттар лигасының финалдық кездесуінде екінші төреші қызметін атқарды.
Еске салайық, Қазақстан әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатында да өнер көрсетеді. Еліміздің намысын «Жетісу» волейбол клубы қорғайды.
Аталған турнир 8–13 желтоқсан аралығында Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтеді.