Қазақстандық төрешілер Еуро-2027 іріктеу матчтарын басқарады

ҚФФ
Қазақстандық халықаралық санаттағы төреші Татьяна Сорокопудова 2027 жылғы әйелдер арасындағы U-19 Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу кезеңіндегі A5 тобындағы матчтарды басқарады.
Сорокопудова екі кездесуге бас төреші болып тағайындалды. 10 қазанда ол Зеница қаласында өтетін Швейцария – Англия матчын, ал 13 қазанда Какань қаласында өтетін Дания – Швейцария кездесуін басқарады. Екі ойында да қазақстандық төрешінің көмекшісі Динара Идрисова болады.
Сонымен қатар, 7 қазанда Сорокопудова Швейцария – Босния және Герцеговина матчында төртінші төреші қызметін атқарады. Идрисова бұл кездесуде де төрешілер бригадасына көмекші ретінде кіреді. A5 тобындағы шағын турнир 7-13 қазан аралығында өтеді. Оған Дания мен Англия құрамалары да қатысады.
Айта кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Сорокопудова УЕФА-ның әйелдер арасындағы төрешілерінің бірінші санатына ауыстырылды. 2026 жылы ол U-19 Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі алты бас төрешінің қатарына кіріп, турнирде екі матч басқарды.
Кейін қазақстандық төреші әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының «Рома» – «Барселона» матчында VAR жүйесінің көмекші төрешісі қызметін атқарды. Осылайша, ол УЕФА-ның клубтар арасындағы ресми турнирінде VAR төрешілер бригадасының құрамында жұмыс істеген Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел төреші атанды.