Қазақстандық төрешілер Конференциялар лигасының матчына қызмет көрсетеді

ҚФФ
Қазақстандық төрешілер мен ҚФФ өкілі УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің матчтарына тағайындалды.
Қазақстандық төрешілер бригадасы 16 шілде күні Әзербайжанның Сумгаит қаласында өтетін Беларусьтің БАТЭ клубы мен Албанияның «Эльбасани» командасы арасындағы матчта жұмыс істейді.
Кездесудің бас төрешісі болып Данияр Сахи тағайындалды. Оның көмекшілері Сергей Васютин мен Самат Тергеусізов болады, ал төртінші төреші міндетін Георгий Чеховский атқарады.
Сонымен қатар, ҚФФ төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Каштру Черногорияның «Дечич» және Латвияның «Лиепая» командалары арасындағы матчқа инспектор болып тағайындалды. Кездесу 15 шілде күні Черногорияның Тузи қаласындағы қалалық стадионда өтеді.
Еске сала кетейік, 16 шілде күні «Елімай» мен «Астана» Конференциялар лигасы аясында жауапты матчтарын өткізеді. Семейлік команда Арменияның «Алашкерт» клубына қарсы ойнаса, елордалық ұжым Албанияның «Динамо Сити» командасын қабылдайды.