Қазақстандық төрт бессайысшы Азиада-2026 финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Қазақстанның төрт өкілі де Азиада-2026 ойындарындағы қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы финалдық кезеңде өнер көрсетеді.

Айти мен Нагояда қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы жарыстың жартылай финалы аяқталды. В тобында өнер көрсеткен қазақстандық Кирилл Стадник пен Лев Чувашов финалға жолдама алды.

Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша Чувашов 1520 ұпай жинап, бесінші орынға ие болды. Қазақстандық спортшы семсерлесуден – 216, кедергілер жолағынан – 376, жүзуден – 317, лазер-раннан 611 ұпай еншіледі.

Стадник 1486 ұпаймен сегізінші орын алды. Ол семсерлесуден – 226, кедергілер жолағынан – 373, жүзуден – 317, лазер-раннан 570 ұпай жинады.

Әр топтағы үздік тоғыз спортшы финалға өтті. Бұған дейін Қазақстан құрамасынан Тихон Варёхин мен Темірлан Абдраимов А тобында тиісінше төртінші және алтыншы орын алып, шешуші кезеңге жолдама алған болатын.

Қазіргі бессайыстан ерлер арасындағы финал 20 қыркүйекте өтеді.