Қазақстандық волейболшы Наиля Нигматулина Әзербайжандық клубқа ауысты

Фото: instagram_nailya_nigmatulina
Қазақстан құрамасының байланыстырушысы Наиля Нигматулина Әзербайжанның «Момине Хатун» клубымен келісімшартқа қол қойды.
Нигматулина Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол ел құрамасы сапында 2022 жылғы әлем чемпионатына, Азия ойындарына, Азия чемпионатына, сондай-ақ 2024 жылғы Challenge Cup пен AVC Ұлттар кубогына қатысты.
Өткен маусымда қазақстандық волейболшы Албанияның «Тирана» клубында өнер көрсетіп, командасымен бірге ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұған дейін ол Қазақстанның «Ақтөбе» және «Қарағанды» клубтарының намысын қорғаған.
Айта кетейік, Нахичевань қаласының «Момине Хатун» клубы 2024 жылы құрылған. 2026/27 жылғы маусымда команда алғаш рет Әзербайжан чемпионатының жоғары дивизионында өнер көрсетеді.