Қазақстандық жауынгер Нұрсұлтан Мендибаев допинг қолданғаны үшін алты жылға дисквалификацияланды

Фото: mendybaev_66 / Instagram
Қазақстандық ММА өкілі Нұрсұлтан Мендибаев жарыстарға қатысудан алты жылға шеттетілді.
Бұған антидопинг ережелерін бұзуы себеп болған.
Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) мәліметінше, спортшының сынамасынан тыйым салынған заттар — дростанолон метаболиті мен мельдоний анықталған. Допинг сынамасы 2025 жылғы 22 маусымда Сан-Паулуда өткен ММА-дан әлем чемпионаты кезінде алынған.
Талдау нәтижелері шыққаннан кейін Мендибаев жарыстардан уақытша шеттетілді. Кейін ITA GAMMA ұйымының атынан спортшыға қатысты түпкілікті санкция туралы шешім шығарды.
Бастапқыда белгіленген жазалау мерзімі ауырлататын жағдайларды ескере отырып, алты жылға дейін ұзартылды. Дисквалификация 2026 жылғы 12 тамызда күшіне енді және 2032 жылғы 11 тамызға дейін жалғасады.
Сонымен қатар Мендибаевтың 2025 жылғы 22 маусымнан бастап көрсеткен барлық нәтижелері жойылады.
Шешімге тиісті құқығы бар тараптар шағым түсіре алады. Апелляция GAMMA-ның антидопинг ережелерінде белгіленген тәртіппен Спорттық арбитраж сотының (CAS) апелляциялық палатасына беріледі.
Мендибаев GAMMA нұсқасы бойынша ММА-дан әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар қазақстандық спортшы панкратион, грэпплинг және самбодан бірнеше рет ел чемпионы болған.
Кәсіби деңгейде жауынгер NAIZA және RFC лигаларында өнер көрсетті. Мендибаев соңғы жекпе-жегін 2026 жылғы 16 мамырда RFC турнирінде өткізді. Бұл кездесуде ол Армения өкілі Меружан Паляннан жеңіліп қалды.