Басты бет
·
Су спорты

Қазақстандық жүзуші Ташкентте рекорд жаңартты

Бекарыс Әлімхан··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасының өкілі Ғалымжан Балабек Ташкентте өтіп жатқан жүзуден әлем кубогы кезеңінде 400 метрге еркін стильде жүзуден ұлттық рекордты жаңартты.

Балабек қашықтықты 3 минут 47,13 секундта жүзіп өтіп, 12-орынға ие болды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаңа ұлттық рекорды ретінде тіркелді. Жарыс 25 метрлік бассейнде өтіп жатыр.

Бұл бәсекеде америкалық Карсон Фостер 3:37.39 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші орынды бельгиялық Лукас Энво (3:37.74) иеленсе, Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Мэттью Колдуэлл (3:40.95) үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, Ташкенттегі әлем кубогы кезеңі 8-10 қазан аралығында өтеді. Бұл 2026 жылғы серияның екінші кезеңі. Алғашқы жарыстар 1-3 қазан күндері Бакуде ұйымдастырылса, қорытынды кезең 15-17 қазан аралығында Астанада өтеді.

Қазақстандық жүзуші Ташкентте рекорд жаңартты – sport-hub