ҚБФ Азиададағы екі жеңілістен кейін наразылық білдірді

Фото: Нургали Жумагазы
Қазақстан бокс федерациясы Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы екі жартылай финалдық жекпе-жекте төрешілердің даулы шешімдеріне байланысты World Boxing ұйымына жүгінді.
Федерацияның наразылығы Наталья Богданова мен Махмұд Сабырханның жекпе-жектеріне қатысты. Екі қазақстандық боксшы да төрешілердің бөлінген шешімімен жеңілді. Богданова үндістандық Ловлина Боргохайнға 2:3 есебімен есе жіберсе, Сабырхан филиппиндік Карло Пааламнан 2:3 есебімен ұтылды.
Федерация төрешілердің бағалауымен келіспей, World Boxing пен Азия бокс конфедерациясына ресми түрде өтініш жолдады. Әсіресе Сабырханның жекпе-жегіне қатысты сұрақ көп туындады. Пааламға қарсы кездесудің соңғы раундында филиппиндік боксшы ереже бұзғаны үшін бір ұпайынан айырылған. Соған қарамастан үш төреші жеңісті Пааламға берген.
Осылайша Сабырхан мен Богданова Азия ойындарын қола медальмен аяқтады. Бокс турнирінің финалына Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай шықты.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.