ҚФФ өкілдері УЕФА Жастар лигасының матчына тағайындалды

ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясының екі өкілі УЕФА Жастар лигасының ел чемпиондары жолындағы бірінші кезеңінің жауапты матчына тағайындалды. Алматының «Қайраты» Черногорияның «Младост Донья Горицасымен» кездеседі.
Қазақстандық төреші Елдос Канаев матчта төртінші төреші қызметін атқарады. Ол ойыншыларды алмастыруды бақылап, төрешілер бригадасымен өзара әрекеттесуге және ұйымдастыру мәселелеріне жауап береді.
Ал ҚФФ-ның төрешілік, инспекциялау және VAR жүйесін дамыту департаментінің басшысы Нуну Паррейра де Каштру төрешілердің жұмысын бағалайтын инспектор болып тағайындалды. Оның міндетіне төрешілердің жұмысын және УЕФА талаптарының сақталуын бақылау кіреді.
Кездесу 14 қазанда Алматыдағы «Қайрат» футбол академиясының стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де басталады.
Командалар арасындағы алғашқы матч 15 қыркүйекте Черногорияда өтіп, «Қайрат» 5:0 есебімен жеңіске жеткен. Голдарды Роман Черноморец, Әкежан Қалиқұлов, Ермұхаммед Керімхан, Абылай Жилқайдар және Санат Нұрболат соқты.
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда ел чемпиондары жолындағы екінші кезеңге шығады. Онда олар Венгрияның Будапешт қаласындағы МТК клубымен кездеседі.
УЕФА Жастар лигасының бұл жолында үш іріктеу кезеңі қарастырылған. Оның қорытындысы бойынша 10 команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.