ҚКБФ Әлімханұлының чемпиондық белбеуден бас тарту шешімі түсіндірілді

Фото: Getty Images
Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тарту шешімін позициясын жоғалту деп қабылдауға болмайды. Мұндай пікірді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков білдірді.
Оның айтуынша, қазақстандық боксшы 72,6 келіге дейінгі салмақта барлық негізгі мақсаттарына жеткен, сондықтан бұл дивизионда әрі қарай қалу оған жаңа мүмкіндіктер ашпас еді.
Ерденбековтің пікірінше, Әлімханұлының екінші орта салмаққа ауысуы ең ірі жекпе-жектер үшін жасалған саналы таңдау. Оның ойынша, қазақстандық боксшының басты мақсаты осы дивизионның абсолютті чемпионы Сауль Альварес болады.
«Жәнібек қолдағы барды емес, әлем боксының ең үлкен мүмкіндігін таңдады. Канелоны жекпе-жекке шақыру үшін ірі қадам жасау керек. Оның салмақ дәрежесіне көтерілу нақты ультиматум. Qazaq Style титулдық жайлылықтан бас тартып, үлкен айқастар мен тарихта атын қалдыру жолын таңдады. Тәуекел бар ма? Иә. Бірақ дәл осылай аңыздар қалыптасады», – деді Ерденбеков Kazinform.kz сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, 21 шілде күні жеңіліп көрмеген Жәнібек Әлімханұлы (17–0, 12 КО) ресми түрде орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысатынын жариялады. Бұл шешім қазақстандық боксшыға екінші орта салмақтағы ең мықты қарсыластармен жұдырықтасуға мүмкіндік береді.