Басты бет
·
Футбол

ҚПЛ-дің 30-туры: Талдықорғандағы шешуші айқас және Қостанайдағы классикалық текетірес

Владимир Жарков ··
«Жетісу» ФК

«Жетісу» ФК

SPORTHUB Қазақстан чемпионатының соңғы турындағы басты ойындарға шолу жасайды. 30-турдан кейін Премьер-лигадағы барлық мәселе өз шешімін табады.

ҚПЛ-дің 30-турының барлық кездесуі 31 қазан, сенбі күні бір уақытта басталады. Бұл – маусымның соңғы сәтінде келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін әлемдік футболдағы қалыпты тәжірибе.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақтөбе» (Ақтөбе)

Өтетін орны: «Орталық» стадионы (Қостанай)

Афиша бойынша бұл – турдың басты кездесуі. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы атанған қос команда ел кубогы мен Суперкубогын да бірнеше рет жеңіп алған.

Өкінішке қарай, екі клуб үшін де биылғы маусым сәтсіз өтті. Әйтпесе жыл басында екі команда да жақсы нәтиже көрсеткен еді. «Тобыл» Суперкубокты жеңіп алса, «Ақтөбе» ҚПЛ-2026 маусымын «комбайншыларды» 4:1 есебімен ойсырата ұтудан бастады.

Қазір қос ұжымның да турнирлік мақсаты жоқ. Дегенмен Қостанайда нағыз тартысты ойын болатынына күмән жоқ. «Тобыл» мен «Ақтөбе» арасындағы текетірес – отандық футболдағы ең принципті қарсыластықтардың бірі. Екі клубтың жанкүйерлері бұл кездесуді тіпті Қазақстанның «Эль-Класикосы» деп атайды. Сондықтан тартысқа толы әрі нәтижелі матч күтеміз!

«Жетісу» (Талдықорған) – «Астана» (Астана)

Өтетін орны: «Жетісу» стадионы (Талдықорған)

Бұл – мәртебесі бойынша емес, турнирлік жағдайға байланысты 30-турдың ең маңызды ойыны. Екі команда да маусым соңында шешілуі тиіс маңызды міндеттерін орындаған жоқ. Сондықтан қос тараптың да мотивациясы жоғары болатыны анық.

«Астана» «Каспий» мен «Қайсарға» қарсы екі матчта қатарынан тең ойнап, «Оқжетпестің» өзіне жақындауына мүмкіндік берді. Егер елордалық клуб тағы да ұпай жоғалтса, қола жүлдеден, тіпті еурокубок жолдамасынан айырылуы мүмкін. Өйткені «Ордабасы» әлі Қазақстан кубогын жеңіп алған жоқ.

Ал «Жетісу» үшін тең ойынның өзі Премьер-лигамен қоштасуға әкелуі ықтимал. Талдықорғандықтар элитада қалу мүмкіндігін сақтап қалу үшін «Астананы» міндетті түрде жеңуі керек. Бірақ бұл жеңіс те олардың жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалуына кепілдік бермейді.

Осылайша, «Жетісу» ойыншылары 2019 жылдан бері ҚПЛ аясында алғаш рет «Астананы» жеңіп қана қоймай, турнир кестесінде өзінен жоғары тұрған тікелей бәсекелестерінің кем дегенде біреуінің жеңілуіне үміт артуы қажет. Әйтпесе, Бірінші лигаға жолдама алады. Талдықорғанда тартысты матч болмақ!

«Жеңіс» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда)

Өтетін орны: «Астана Арена» (Астана)

Елордада дәл осы уақытта Премьер-лигадан шығып қалу қаупі бар тағы бір команда ойнайды. Турнир кестесін жеке-дара түйіндеп тұрған «Қайсар» сырт алаңда «Жеңіспен» кездеседі.

«Қара-сарылардың» турнирлік міндеті жоқ деуге болады. Олар маусымды кестенің орта тұсында аяқтайтыны анық. Алайда бір апта бұрын ешқандай мақсаты жоқ сияқты көрінген «Жеңіс» «Ордабасыға» лайықты қарсылық көрсетіп, шымкенттіктердің чемпиондық атағын ресми түрде рәсімдеуін кейінге қалдырғанын ұмытпайық.

Дегенмен алдағы кездесуге деген мотивация жағынан астаналықтар қызылордалықтармен теңесе алмайды. «Дала қасқырларының» жағдайы өте күрделі. «Астана Аренадағы» жеңістен басқа кез келген нәтиже «Қайсарды» төменгі лигаға түсетін командалар қатарында қалдырады.

Тіпті «Жеңісті» ұтқан күннің өзінде Қызылорда клубының ҚПЛ-дегі орнын сақтап қалатынына кепілдік жоқ. Ол үшін басқа матчтардағы нәтижелер де «Қайсардың» пайдасына шешілуі керек.

«Ұлытау» (Жезқазған) – «Атырау» (Атырау)

Өтетін орны: «Металлург» стадионы (Жезқазған)

Жезқазғанда турнирлік міндеттері екі түрлі команда кездеседі. Біріне бұл матчтың нәтижесі аса маңызды болмаса, екіншісі кем дегенде жеңілмеуі, ал мүмкіндігінше жеңіске жетуі керек.

«Ұлытау» қыркүйектің басынан бері, яғни келесі маусымда да ҚПЛ-де ойнайтынына көзі жеткеннен кейін, көбіне көңіл күйіне қарай өнер көрсетіп жүр. Қола жүлдеге таласқан «Оқжетпесті» жеңуі мүмкін, ал элитада қалу үшін күресіп жүрген «Алтайдан» ірі есеппен жеңіліп қалуы да ғажап емес.

Ал «Атыраудың» жағдайы өте қиын. «Мұнайшыларды» элитадан түсіп қалудан тек «Ұлытауға» қарсы жеңіс толықтай құтқара алады. Кез келген өзге нәтиже Самат Смақов бастаған команданы Бірінші лигаға жіберуі мүмкін.

«Каспий» (Ақтау) – «Қызылжар» (Петропавл)

Өтетін орны: «Жас Қанат» стадионы (Ақтау)

Премьер-лиганың ең батысындағы клуб өз алаңында ең солтүстік өңірдің өкілін қабылдайды. Ақтауда жергілікті «Каспий» мен петропавлдық «Қызылжар» кездеседі. Қос команданың да келесі маусымда Қазақстан футболының жоғарғы дивизионында қалатынына сенімді болуға болады.

Қарсыластарға нәтиже үшін аса үлкен жауапкершілік жүктелмейді. Олар ҚПЛ турнир кестесінде қатар орналасқан және үздік ондықтың шекарасында тұр. Ең жақсы жағдайда, екі команда да қорытынды кестедегі орнын сәл жақсарта алады. Алайда бұл «Каспий» мен «Қызылжар» үшін аса маңызды бола қоймас.

Футболшылар демалыс туралы ойлап жүрсе, клуб басшылары келесі маусымның жоспарына кірісіп кеткен болуы мүмкін. Сондықтан Ақтауда еркін әрі голға бай матч өтуі ықтимал.

«Елімай» (Семей) – «Оқжетпес» (Көкшетау)

Өтетін орны: «Спартак» стадионы (Семей)

Абай облысының командасы маусым басындағы амбициясын ақтай алмады. Алдымен чемпиондық атақтан, кейін жүлделі орындардан, одан соң қорытынды кестедегі төртінші орыннан үмітін үзді. Маусым аяқталмай жатып, «Елімай» басшылығы үш жыл бойы команданы жаттықтырған Андрей Карповичпен қоштасу туралы шешім қабылдады. «Оқжетпеске» қарсы ойынға семейліктерді Серікбек Қаппаров дайындап жатыр.

Ал көкшетаулықтар үшін бұл кездесу аса маңызды. Жеңіске жетсе, «Оқжетпес» клуб тарихында алғаш рет чемпионаттың жүлдегері атануы мүмкін. Ол үшін команда «Елімайды» жеңіп қана қоймай, Талдықорғанда «Астананың» ұпай жоғалтуына да үміт артуы керек.

Қалай болғанда да, «Оқжетпес» осы маусымда клуб тарихындағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Төртінші орын енді қолдан сусымайды. Дегенмен одан да жоғары нәтижеге ұмтылуға не кедергі? Бірақ «Елімай» өз жанкүйерлерінің алдында барын салатыны анық.

«Ертіс» (Павлодар) – «Ордабасы» (Шымкент)

Өтетін орны: «Орталық» стадионы (Павлодар)

Өткен турда «Атырауды» жеңген павлодарлықтар Премьер-лигада қалу мәселесін іс жүзінде шешіп қойды. «Ертіс» тек өздеріне қолайсыз бірнеше нәтиже қатар тіркелген жағдайда ғана ҚПЛ-ден түсіп қалуы мүмкін.

Алайда Ерлан Шойтымов шәкірттерінің қарсыласы оңай емес. «Ордабасы» Павлодарға Қазақстан чемпионы ретінде келеді. Бірақ шымкенттік клуб маусымды аяқтады деуге әлі ерте. Алда «Қайсарға» қарсы Қазақстан кубогының финалы бар. Онда команда клуб тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасауға мүмкіндік алады.

Дегенмен ҚПЛ-дің соңғы турында «Ордабасы» ойыншылары бар күшін салмауы мүмкін. Өйткені футболшылардың жарақат алып қалмағаны маңызды. Оның үстіне, павлодарлықтарға қарсы кездесуде шымкенттіктердің екі негізгі ойыншысы – Сергей Малый мен Жасұлан Әмір алаңға шықпайды. Команда капитаны мен жас талант «Жеңіске» қарсы матчта алған қызыл қағаздары үшін дисквалификацияланды.

«Қайрат» (Алматы) – «Алтай» (Өскемен)

Өтетін орны: «Орталық» стадионы (Алматы)

«Ордабасы» секілді «Қайраттың» да турнирлік жағдайы белгілі. Алматы клубы қорытынды кестеде екінші орыннан төмен түспейді. Алайда команда үшін маусым әлі аяқталған жоқ. Алда Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт кездесу күтіп тұр.

Ал 13-орында тұрған «Алтайдың» жағдайы әлі де тұрақсыз. Өскемендік клубты төменгі лигаға түсетін аймақтан небәрі бір ұпай бөліп тұр. ҚПЛ-дегі орнын сақтап қалуға «Қайратты» сырт алаңда жеңу ғана толық кепілдік береді. Бұл оңай міндет емес.

Дегенмен алматылықтардың бапкерлер штабы негізгі ойыншыларға демалыс беруі мүмкін. Оның үстіне, «Қайратта» жаңа бапкерлік құрам жасақталды. Рафаэль Уразбахтин қызметінен кетіп, онымен бірге барлық көмекшісі де командадан кетті. Бас бапкер міндетін уақытша Жора Арутюнян атқарады. Ол биыл Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанған «Қайрат-Жастар» командасымен жұмыс істеген.

Сондықтан жас маман жастар командасындағы шәкірттеріне негізгі құрамда мүмкіндік беруі де ықтимал.

ҚПЛ-дің 30-туры: Талдықорғандағы шешуші айқас және Қостанайдағы классикалық текетірес – sport-hub