Қырғызстан Көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстанның жеңісін мойындады

Фото: olympic.kz
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медальдар есебіне қатысты жағдайға пікір білдірді. Оның айтуынша, қосымша есептеуден кейін ұйымдастырушылар Қазақстан құрамасын жалпы командалық есепте жеңімпаз деп таныған.
Алагөзов Ойындардың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы принципті бәсекелестік тек спорт алаңында қалғанын айтты.
«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үлкен спорттық мерекеге айналды. Әсіресе көкпар мен жамбы атудан жарыстар тартысты өтті. Бұл сайыстарда Қырғызстан мен Қазақстан командалары жоғары деңгейін көрсетіп, бәсекелестіктің тек спорт алаңында қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді ол.
Қырғызстан президентінің өкілі екі ел жанкүйерлері арасында да елеулі жанжал болмағанын ерекше атап өтті.
«Екі елдің спортшылары мен жанкүйерлеріне алғыс айтқым келеді. Жарыстың принципті болғанына қарамастан, олардың арасында ешқандай түсініспеушілік болған жоқ», – деп қосты Алагөзов.
Негізгі мәселе турнир аяқталғаннан кейін – медальдарды есептеу кезінде туындаған. Алагөзовтің айтуынша, ұйымдастырушылар техникалық сәйкессіздікті анықтап, Қазақстанның үш спортшысының жүлдесін бөлек есептеуге шешім қабылдаған.
«Айырмашылық медальдарды есептеу кезіндегі техникалық мәселеге байланысты пайда болды. Ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есепке алуды шешті. Осыдан кейін жалпы командалық есепте бірінші орын Қазақстанға өтті. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз», – деді баспасөз хатшысы.
Ол сондай-ақ Қырғызстан спортшылары өз елінде өткен Ойындарда лайықты өнер көрсеткенін атап өтіп, медальдар есебі жарыстың басты идеясын көлеңкеде қалдырмауы тиіс екенін айтты.
«Медаль – спорттың бір ғана бөлігі. Ең маңыздысы Ойындардың өзара құрмет пен адал бәсеке жағдайында өтуі. Бұл жарыс халықтарымыздың бірлігі мен жақындығын тағы бір мәрте көрсетті», – деп түйіндеді Алагөзов.
Бұған дейін Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елдер арасында ресми медальдар және жалпы командалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеген еді. Мұндай түсіндірме қорытынды кестенің әртүрлі нұсқаларына қатысты дау туындағаннан кейін жасалды.
Соған қарамастан жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Қайта есептеуден кейін дәл осы нәтиже Қазақстан құрамасының бірінші орын алуына мүмкіндік берді.