Рафаэль Ходар Каспер Руудты жеңіп, Шанхайдағы турнирдің жартылай финалына шықты

Фото: ATP
Испаниялық теннисші Рафаэль Ходар (ATP рейтингінде 13-орын) Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ATP-1000 турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Ол ширек финалда норвегиялық Каспер Руудты 4:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңді.
Шанхай. ATP-1000. Ширек финал
Рафаэль Ходар (Испания) – Каспер Рууд (Норвегия) – 4:6, 6:4, 6:3
Матч шамамен 2 сағат 20 минутқа созылды. Рууд алғашқы сетте жеңіске жеткенімен, Ходар кездесудің барысын өзгерте алды. Испаниялық теннисші екінші партияда басым түсіп, шешуші сетте де жеңісті жұлып алды.
Ходар алты эйс жасап, қос қателікке жол берген жоқ. Ол 15 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал Рууд 10 эйс жасап, төрт қос қателік жіберді және жеті брейк-пойнттың үшеуін жүзеге асырды.
20 жастағы испаниялық теннисші Шанхайдағы турнирде қатарынан төртінші рет алғашқы сетте жеңіліп жатып, камбэк жасады. Бұған дейін ол аргентиналық Тьяго Агустин Тирантеге (4:6, 6:2, 6:3), чехиялық Иржи Легечкаға (4:6, 7:6 (7:2), 6:4) және нидерландылық Ботик ван де Зандсхюлпқа (6:7 (4:7), 6:4, 6:2) қарсы кездесулерде де жеңіске жеткен.
Айта кетейік, Ходар мансабында екінші рет ATP-1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Ол бұған дейін биыл тамыз айында Канададағы жарыста осы кезеңге жеткен. Сонымен қатар испаниялық теннисші Шанхай турнирі тарихындағы ең жас жартылай финалист атанды.
Финалға шығу үшін Ходар ресейлік Даниил Медведев пен америкалық Томми Пол арасындағы ширек финал жеңімпазымен кездеседі.