«Реал» аңызы ислам дінін қабылдағаны туралы қауесетті жоққа шығарды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Getty Images / BBC

Фото: Getty Images / BBC

Бразилия құрамасы мен мадридтік «Реалдың» бұрынғы қорғаушысы Роберто Карлос ислам дінін қабылдағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Okaz мәліметінше, бұл қауесет Түркия парламентінің депутаты Али Шахиннің мәлімдемесінен кейін тараған. Ол Роберто Карлос Бразилияда Джихад Хамада есімді шейхпен кездесіп, шахада айтып, ислам дінін қабылдағанын жеткізген еді. Алайда 53 жастағы бразилиялық бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Мен ислам дініне үлкен құрметпен қараймын. Жұбайымның намаз оқығанын көру маған ұнайды. Алайда менің ислам дінін қабылдағаным туралы тараған қауесеттер шындыққа жанаспайды», – деді Карлос.

Бұрынғы футболшы исламға қатысты діни рәсімдер бейнеленген суреттердің пайда болуын да түсіндірді. Оның айтуынша, үйлену тойы бірнеше форматта өткен. Іс-шараның бір бөлігі оның отбасындағы католик дәстүрлеріне арналса, екінші бөлігі жұбайы мен оның мұсылман достарының діни сенімдеріне негізделген.

Карлостың жұбайы – марокколық кәсіпкер Сухайла Эттахири. Бразилиялық футболшы онымен шамамен екі жыл бұрын футболға қатысты іскерлік кездесуде танысқанын айтты. Кейін олардың кәсіби қарым-қатынасы жеке өмірдегі байланысқа ұласқан.