«Реал Мадрид» жанкүйерлерінің баннері үшін айыппұл арқалауы мүмкін

Мадридтік «Реал» клубына жанкүйерлерінің Ла Лига президенті Хавьер Тебасты сынаған баннері үшін 3001 еуро көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
AS басылымының хабарлауынша, мұндай жазаны Испанияның спорттағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес комиссиясы ұсынған.
Оқиға «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен «Реал» мен «Севилья» арасындағы матчта болды. Кездесу мадридтік клубтың 4:1 есебіндегі жеңісімен аяқталған.
Ойын барысында трибунада «Бұл футбол емес, бұл – Тебас пен Негрейра» деген жазуы бар баннер пайда болды. Ондағы Тебас пен Негрейраның тегі «Барселонамен» байланысты көк-қызыл түстермен ерекшеленген. Сонымен қатар жанкүйерлер Испания чемпионатының басшысына қарсы ұрандар айтты.
Айыппұл салу туралы ұсыныс қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты жасалған. Комиссия мәліметінше, клуб алдын ала келісімсіз және баннердің отқа төзімді материалдан жасалғанын растайтын сертификатсыз оны трибунада үш рет көрсетуге жол берген.
Айта кетейік, жанкүйерлердің наразылығы «Реал» басшылығы мен Хавьер Тебас арасындағы келіспеушілік кезінде орын алды.
Бұған дейін мадридтік клуб Ла Лига президентінің қызметінен кетуін талап еткен. Ал Тебас өз кезегінде наразылық акциясын ұйымдастырды деп «Реал» басшылығын айыптаған.