«Реалдың» Родриді неге сатып алмай жүргені белгілі болды

Фото: Getty Images
«Манчестер Сити» клубының жартылай қорғаушысы Родри мансабын мадридтік «Реалда» жалғастыруға ниетті. Алайда бұл трансфердің жуық арада жүзеге асуы қиынға соғатын түрі бар.
Журналист Фабрицио Романоның мәліметінше, испаниялық футболшы туған еліне оралуға қызығушылық танытып отыр. Дегенмен «Реал» президенті Флорентино Перес оның трансферін қолдамайды. Сол себепті мадридтік клуб әзірге ойыншымен де, «Манчестер Ситимен» де ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ.
Соған қарамастан, ағылшын клубы өз көшбасшыларының бірін сақтап қалуға тырысуда. Былтыр сәуір айында «Сити» басшылығы Родриге жаңа келісімшарт ұсынған болатын. Алайда футболшы әлі күнге дейін нақты шешім қабылдамаған. Оның қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды.
30 жастағы жартылай қорғаушының болашағына қатысты қызығушылық 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін күшейе түсті. Испания құрамасы жеңіске жеткен турнирде Родри барлық сегіз матчқа қатысты. Гол соқпағанына және нәтижелі пас бермегеніне қарамастан, ол әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанып, турнирдің «Алтын добына» ие болды.
Родри «Манчестер Сити» сапында төрт мәрте Англия Премьер-лигасының чемпионы атанды. Сонымен қатар Чемпиондар лигасын, Англия кубогын, Англия лигасы кубогын, УЕФА Суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Испания құрамасымен Еуропа және әлем чемпионы атанып, 2024 жылы әлем футболындағы ең беделді жеке марапат — «Алтын допты» иеленді.