Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатында Абдулрашид Садулаевпен белдеседі

Фото: Getty Images
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы айналымында күрделі қарсыласқа тап болды.
97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеребе қорытындысы бойынша отандасымыз Ресей өкілі Абдулрашид Садулаевпен кездеседі.
Екі танымал балуанның белдесуі осы салмақтағы басты оқиғалардың бірі болуы мүмкін. Садулаев – әлемдік күрестегі ең атақты спортшылардың бірі. Оның еншісінде Олимпиада ойындарының екі алтын медалі бар. Ал Ризабек Айтмұхан еркін күрестен әлем чемпионатында алтын алған алғашқы қазақстандық балуан ретінде тарихқа енген.
Алдағы белдесудің отандасымыз үшін маңызы ерекше. 2026 жылдың ақпан айында спортшылар Албанияда өткен халықаралық турнирде кездескен еді. Сол жолы Садулаев 14:3 есебімен жеңіске жетті. Енді Айтмұхан өз алаңында өтетін әлем чемпионатында қарымта қайтаруға мүмкіндік алады.
Дегенмен 97 келіге дейінгі салмақтағы жүлдеге талас тек осы екі балуанмен шектелмейді. Медальға үміткерлер қатарында АҚШ өкілі Кайл Снайдер мен Бахрейн балуаны Ахмед Тажудинов та бар. Екеуі де Олимпиада чемпионы.
Еске салайық, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді.