Родри «Барселонаның» ең қымбат трансферлерінің біріне айналуы мүмкін

Бегасыл Амирбай ··
«Манчестер Сити» ФК

«Манчестер Сити» ФК

«Манчестер Сити» және Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родридің ықтимал трансфері «Барселонаға» жалпы құны 210 млн еуродан астам шығын әкелуі мүмкін.

AS мәліметінше, каталониялық клуб Родриге төрт жылдық келісімшарт ұсынып, салықтар шегерілгеннен кейін маусымына шамамен 15 млн еуро жалақы төлеуге дайын. Салықтарды есептегенде, «Барселонаның» футболшыға жыл сайынғы шығыны шамамен 34 млн еуроны құрауы мүмкін.

Осылайша, төрт жыл ішінде жартылай қорғаушыны ұстауға клуб шамамен 136 млн еуро жұмсайды. Трансфер құны мен агенттік комиссияларды қоса есептегенде, мәміленің жалпы сомасы 210 млн еуродан асуы мүмкін. «Манчестер Сити» Родридің келісімшарты 2027 жылдың жазында аяқталатынына қарамастан, футболшы үшін шамамен 80 млн еуро талап етіп отыр.

Родри 2019 жылдың жазынан бері «Манчестер Сити» сапында өнер көрсетіп келеді. Ағылшын клубындағы кезеңінде ол 298 матчқа қатысып, 28 гол соқты және 32 нәтижелі пас берді.

Родри «Барселонаның» ең қымбат трансферлерінің біріне айналуы мүмкін – sport-hub