Родри Испания құрамасының басты мақсатын атады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: УЕФА

Фото: УЕФА

Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри 2026 жылғы әлем чемпионатындағы команданың негізгі мақсаты туралы айтты. Оның сөзінше, испаниялық футболшылар турнирде чемпион атануды көздейді.

«Манчестер Сити» ойыншысы қазіргі құраманы 2010 жылғы әлем чемпионаты мен екі мәрте Еуропа чемпионатын жеңген атақты буыннан мықты деп санамайтынын жеткізді.

— Біз ол құрамадан асып түсеміз деп айту қиын. Себебі мен оларды тарихтағы ең үздік буын деп есептеймін. Ешбір команда қатарынан екі рет Еуропа чемпионатын және әлем чемпионатын жеңіп көрген жоқ. Біз өзімізді сол буынмен салыстырмауға тырысамыз. Қазіргі құраманың өз жолы бар.

Қазір біздің алдымызда ең үлкен мақсат тұр — әлем чемпионатын жеңу. Турнирге барынша дайын болу үшін көп тер төктік және жеңімпаз психологиясын қалыптастыруға күш салдық. Менің ойымша, қазіргі құрам маңызды қадамды жасауға дайын. Егер әлем чемпионы атансақ, атымызды тарих бетіне мәңгіге қалдырамыз, — деді Родри УЕФА-ға берген сұхбатында.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Топтық кезеңде Испания құрамасы Кабо-Верде, Сауд Арабиясы және Уругвай құрамаларымен кездеседі.