Рыбакина Швёнтекке қарсы матчтан не себепті кеткенін түсіндірді

Фото: Jimmie48
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннатиде өткен WTA-1000 турнирінің ширек финалында Ига Швёнтекке қарсы матчты аяқтай алмай, жарыстан шығуына себеп болған жарақатына қатысты пікір білдірді.
Қазақстандық теннисші бірінші сетте есеп 1:4 болған кезде кездесуді жалғастырудан бас тартты. Рыбакинаның айтуынша, жайсыздықты Магдалена Фрешке қарсы үшінші айналымдағы матч кезінде қаттырақ сезіне бастаған.
«Фрешке қарсы матч жаңбырға байланысты үзілген еді. Сол кезде бұл жайсыздықты қаттырақ сезіне бастадым. Кейін бір күн демалдым. Матчқа дейін бәрі жақсы болды. Өкінішке қарай, бір ыңғайсыз қимыл, бір сәтсіз қону кезінде бір жағдай болып қалды», – деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші Цинциннатиде ширек финалға дейін үш матч өткізді. Алғашқы кездесуде америкалық Тейлор Таунсендті жеңсе, кейін Фрештен басым түсті. Ал төртінші айналымда Диана Шнайдерді ұтты.
Швёнтек Рыбакинаның матчты мерзімінен бұрын аяқтауына байланысты турнирдің жартылай финалына өтті. Финалға шығу үшін польшалық теннисші әлемнің үшінші ракеткасы Джессика Пегуламен кездеседі. Пегула ширек финалда Аманда Анисимованы 6:4, 2:6, 7:6 есебімен жеңді.