Рыбакина Цинциннатидегі Френхпен өткен матчты «ақылға сыймайтын» деп атады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің үшінші айналымында польшалық Магдалена Френхті жеңгеннен кейін кездесуге қатысты пікір білдірді.

Матч жаңбырға байланысты бірнеше рет тоқтатылды. Сонымен қатар теннисшілер жоғары ылғалдылық пен аптап ыстықта ойнауға мәжбүр болды. Рыбакина ойынның үздіксіз үзіліп, ауа райының бірнеше рет өзгеруі кездесуді айтарлықтай қиындатқанын айтты.

«Шынымды айтсам, бүгінгі күн ақылға сыймайтындай өтті. Әр жолы кортқа шыққанда не бұлтты әрі ауа тым ылғалды болды, не күн шығып, теріні күйдіріп жіберердей ыстық болды. Жанкүйерлердің осының бәріне қарамастан матч бойы отырып шыққанына таңғаламын. Оларға үлкен рақмет», — деді Рыбакина кездесуден кейін.

Қазақстандық теннисші матчты ертерек аяқтай алатын еді. Екінші сетте оның үш матчболы болды. Алайда Френх берілмей, партияны тай-брейкке жеткізді.

«Менде мүмкіндіктер болды — үш матчбол. Шынымды айтсам, ойынды толық бақылауымда ұстап тұрғанымды сезіндім және барынша шоғырлануға тырыстым. Бірақ күн ұзаққа созылып, физикалық тұрғыдан шаршаған кезде зейінді сақтап қалу қиын. Тай-брейкте бәрі менің пайдамнан шешілгеніне қуаныштымын», — деді Рыбакина.

Нәтижесінде әлемнің екінші ракеткасы Френхті екі сетте — 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.

Екі рет ұзақ уақытқа жаңбыр салдарынан тоқтатылған кездесуді есептегенде, матч төрт сағаттан астам уақытқа созылды.

Енді 1/8 финалда Рыбакина әлемнің 14-ракеткасы Диана Шнайдермен кездеседі.