Рыбакина Торонтодағы жеңістен кейінгі басты мәселесін ашық айтты

Фото: Getty Images
Қазақстанның бірінші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонтодағы WTA 1000 турнирінің екінші айналымында Дарья Касаткинаны жеңгеннен кейін өз ойынымен бөлісті. Келесі кезеңге өткенімен, теннисші өз өнеріне, әсіресе доп беруіне толық көңілі толмағанын айтты.
Кездесу оңай өткен жоқ. Рыбакина матчты сенімді бастап, жоғары қарқынмен бірнеше ұпайды қатарынан ұтып алды. Үш сет барысында ол 58 виннер жасап, оның ішінде 15 эйс тіркеді. Алайда сонымен қатар 58 рет мәжбүрсіз қателік жіберіп, оның 16-сы қос қателік болды.
Дәл осы доп беру кезіндегі мәселелер оның жеңісіне қауіп төндірді. Екінші сетте қатарынан жіберілген екі қос қателік қарсыласына ойын барысын өзгертуге мүмкіндік берсе, шешуші сетте қазақстандық теннисші матчқа берген сәттерде тағы бірнеше қателікке жол берді.
Матчтан кейін Рыбакина дәл осы компонентті жақсартқысы келетінін айтты.
«Мен доп беруді жақсартқым келеді және бірінші берудің пайызын арттырғым келеді. Бүгін шешуші сәттерде ол жақсырақ жұмыс істеді, бірақ жалпы көрсеткіш мен қалаған деңгейден төмен. Доп беру менің басты қаруларымның бірі, сондықтан ол жақсы шыққанда өзімді әлдеқайда сенімді сезінемін. Қазір уақыт белдеулерінің ауысуына және жаңа жағдайларға әлі де бейімделіп жатырмын, сондықтан алға ілгерілеуге мүмкіндік бар. Дарья өте қиын қарсылас, сондықтан турнирдегі алғашқы матч үшін жаман нәтиже емес, бірақ мен одан да жақсы ойнай алатынымды білемін», — деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші неге бұл күні доп беруде тұрақтылық жетіспегенін де түсіндірді. Оның айтуынша, бұл элементке бірнеше фактор әсер етеді, техникадан бастап ауа райына дейін.
«Мұнда бәрі көптеген ұсақ-түйекке байланысты. Бұл қозғалыс, допты дұрыс лақтыру, техникалық детальдар. Жел күшейгенде немесе күн кедергі жасағанда, үнемі бейімделуге тура келеді. Кейде мінсіз шешім іздеймін деп, өзіңе қиындық тудырып алуың мүмкін. Әрбір ұсақ детальға, соның ішінде аяқ жұмысына да назар аудару маңызды. Бұдан бөлек, ойын барысында доптар жұмсарып, оларды бақылау қиындай түседі әрі жылдамырақ ұшады. Осы элементтердің бәрі үйлескенде ғана сапалы доп беру шығады», — деп атап өтті ол.
Торонто турнирінің екінші айналымында Рыбакина Дарья Касаткинаны 6:3, 5:7, 6:4 есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 33 минутқа созылды.
Келесі кезеңде Қазақстанның бірінші ракеткасы америкалық теннисші Энн Лимен кездеседі.