Рыбакина WTA чемпиондар жарысын әлі де бастап тұр

Фото: Jimmie48
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) Цинциннатиде (АҚШ) өткен WTA-1000 санатындағы турнир аяқталғаннан кейін чемпиондар жарысындағы жаңартылған көрсеткіштерді жариялады.
Бірінші орында әлі де қазақстандық Елена Рыбакина тұр. Оның еншісінде 5492 ұпай бар. Бұған дейін отандасымыз Торонтодағы WTA-1000 турнирінде финалға дейін жеткеннен кейін чемпиондар жарысының көшін бастаған еді.
Екінші орында Арина Соболенко (5185 ұпай), одан кейін Мирра Андреева (5184) келеді. Төртінші сатыда Джессика Пегула (5045) тұр.
Цинциннати турнирінің жеңімпазы Кори Гауфф бесінші орынға жайғасты. Америкалық теннисші турнирдегі жеңісі үшін рейтингте 1000 ұпай иеленгенімен, чемпиондар жарысында бұған дейін есепке алынған нәтижесі ауысқандықтан, таза 785 ұпай қосты. Қазір оның қоржынында 4874 ұпай бар.
Еске салайық, маусым қорытындысы бойынша чемпиондар жарысында алғашқы сегіз орынға ие болған теннисшілер WTA қорытынды турниріне жолдама алады. 2026 жылы бұл жарыс алғаш рет Индиан-Уэллсте 8-15 қараша аралығында Indian Wells Tennis Garden корттарында өтеді.