Тимофей Скатов US Open іріктеуіндегі алғашқы қарсыласын білді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Daniele Combi

Фото: Daniele Combi

Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов (ATP рейтингінде 149-орын) US Open-2026 турнирінің іріктеу кезеңіндегі алғашқы қарсыласын білді. Ол бірінші айналымда бельгиялық Жиль-Арно Байимен кездеседі.

Скатов 25 тамызда әлемнің 230-ракеткасы Байиге қарсы кортқа шығады. 20 жастағы бельгиялық теннисші 2022 жылғы маусымды жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтинг көшбасшысы ретінде аяқтап, сол жылы ITF нұсқасы бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанған. Сол маусымда Байи жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» пен US Open турнирлерінің финалына дейін жеткен.

Скатов – Байи кездесуінің жеңімпазы іріктеудің екінші айналымында Лоренцо Джустино – Григор Димитров жұбының мықтысымен ойнайды. Негізгі кезеңге өту үшін теннисшілерге іріктеудің үш айналымынан да сүрінбей өту қажет.

Ерлер арасындағы іріктеу кезеңіне 128 теннисші қатысып, негізгі кезеңге берілетін 16 жолдаманы сарапқа салады. Іріктеу матчтары 24-27 тамыз аралығында өтеді.

Скатов биыл «Үлкен дулыға» санатындағы тағы екі турнирдің іріктеу кезеңіне қатысты. «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында америкалық Дарвин Бланштан жеңілсе, Уимблдондағы іріктеуді аргентиналық Алекс Барренамен кездесуден бастаған.

Тимофей Скатов US Open іріктеуіндегі алғашқы қарсыласын білді – sport-hub