Путинцева Мексикадағы турнирдің іріктеу финалында жеңілді

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (WTA рейтингінде 80-орын) Мексиканың Монтеррей қаласында өтіп жатқан WTA-500 турнирінің негізгі кезеңіне іріктеу арқылы өте алмады. Ол шешуші матчта әлемнің 67-ракеткасы, австралиялық Майя Джойнттен жеңілді.
Путинцева кездесуді сәтті бастап, бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм бермей, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Алайда қазақстандық теннисші басымдығын сақтай алмады. Джойнт келесі екі партияда 6:4, 6:1 есебімен басым түсіп, матчты өз пайдасына аяқтады. Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды.
Путинцева бес рет қосарланған қателік жіберіп, брейк-пойнттардың сегіз мүмкіндігінің төртеуін пайдаланды. Ал Джойнт төрт эйс жасап, екі рет қосарланған қателікке жол берді және 11 брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырды.
Бұл теннисшілердің өзара өткізген екінші кездесуі болды. Алғашқы ойында Путинцева 2025 жылғы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Джойнтті 6:2, 6:1 есебімен жеңген еді.
Еске салайық, Монтеррейдегі іріктеудің бірінші кезеңінде Путинцева мексикалық Виктория Родригесті 6:4, 6:3 есебімен ұтқан. Ал Джойнт тағы бір мексикалық теннисші Джессика Инохоса Гоместі 6:4, 6:2 есебімен жеңген болатын.