Рыбакина жарақатына қарамастан АҚШ ашық чемпионатына қатысуы мүмкін

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі алғашқы кездесуіне дейін жарақатынан айығып үлгеруге үмітті.

Рыбакина Цинциннатида өткен WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швёнтекке қарсы кездесуде сол жақ тобығынан жарақат алды. Қазақстандық теннисші бірінші сетте есеп 1:4 болған кезде ойынды жалғастыра алмады.

Теннисші өзінің жарақатынан кейінгі жағдайы туралы The Mirror US журналисі Мэттью Несчиске айтып берді.

«Алдыңғы турнирде жарақат алып қалдым. Қазір қалпыма келу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Әзірге бәрі жақсы болып жатыр. Өкінішке қарай, әлі кортқа шыққан жоқпын. Алдағы бірнеше күнде жаттығуды бастауға тырысамыз. Бәрі қалыпты сияқты, сондықтан алғашқы матчқа дайын боламын деп үміттенемін. Жалпы, менде он күн болды, дайындыққа әлі екі күндей уақыт бар. Біз асыққымыз келмейді. Өзімнің 100 пайыз дайын екеніме көз жеткізгім келеді», – деді Рыбакина.

Еске салайық, Рыбакина WTA рейтингінде екінші орында тұр. Сонымен қатар ол маусым қорытындысы бойынша чемпиондық жарыста көш бастап келеді. US Open негізгі кезеңінің матчтары 30 тамызда басталады.