Саламат Исбулаев PFL-дегі Эй Джей Маккимен жекпе-жек туралы пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: instagram.com/alashsporty

Фото: instagram.com/alashsporty

Қазақстандық файтер Саламат Исбулаев америкалық Эй Джей Маккимен өтетін алдағы жекпе-жек туралы ойын айтты. Екі спортшының кездесуі Сан-Диегода өтетін PFL турнирінің басты оқиғасы болады.

Исбулаевтың айтуынша, қарсыласының ойынында әлсіз тұстар бар.

«Оның жекпе-жек мәнерінде белгілі бір әлсіз жақтар бар. Кез келген файтер сияқты оның да кемшіліктері кездеседі. Аралас жекпе-жектің ерекшелігі де осында. Мен оны жақсы файтер деп санаймын, бірақ көпшілік айтып жүргендей соншалықты мықты деп ойламаймын.

Оның қандай жоспармен шығатынын білмеймін. Бірақ оған да көптеген нәрсеге дайындалуға тура келеді. Бұл – мен үшін октагонға шығып, ең жақсы істейтін ісімді атқаратын жекпе-жектердің бірі. Яғни қарсыласымды жеңуім керек», – деді Исбулаев.

Еске салайық, Саламат Исбулаев пен Эй Джей Макки арасындағы кездесу 27 маусым күні АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтетін PFL турнирінің басты айқасы болады.

Исбулаев кәсіби мансабында әлі жеңіліп көрмеген. Оның еншісінде 10 жеңіс бар. Ал Маккидің көрсеткіші – 24 жеңіс және 2 жеңіліс.

Саламат Исбулаев PFL-дегі Эй Джей Маккимен жекпе-жек туралы пікір білдірді – sport-hub