Саматали Төлтаев Алматыда Гэри Тамайомен жұдырықтасады

ҚБФ
Қазақстандық боксшы Саматали Төлтаев келесі жекпе-жегін 25 шілде күні Алматыда өткізеді. Оның қарсыласы филиппиндік Гэри Тамайо болады.
Кездесу Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтетін Akhmedov Promotions кәсіпқой бокс кеші аясында ұйымдастырылады. Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшының қарсыласы кәсіби рингте 11 жеңіс, 4 жеңіліс және 1 тең нәтиже тіркеген Тамайо болмақ.
Еске салайық, Саматали Төлтаев соңғы жекпе-жегін 4 сәуір күні Бангкокта өткізіп, вьетнамдық Хонг Куан Диньді нокаутпен жеңген еді.
Ал Гэри Тамайо соңғы рет 7 желтоқсанда шаршы алаңға көтерілді. Оның жапониялық Юна Харамен болған кездесуі тең нәтижемен аяқталған.
Қазіргі таңда Саматали Төлтаев кәсіпқой рингте жеті жекпе-жек өткізіп, жетеуінде де жеңіске жеткен.