Сәтпаев «Бернли» құрамындағы ең жоғары бағалардың бірін алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@ChelseaInPhotos

Фото: x_@ChelseaInPhotos

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Брэдфорд Ситиге» қарсы матчта 80 минут ойнап, «Бернли» құрамындағы үшінші ең жоғары бағаға ие болды.

Сәтпаев алғаш рет «Бернлидің» негізгі құрамында алаңға шықты. Қазақстандық футболшы қақпаға екі соққы жасап, бір нәтижелі мүмкіндік тудыратын пас берді және 35 пасының 30-ын дәл орындады. Сондай-ақ дриблинг жасауға жасаған екі әрекетінің бірін сәтті аяқтады.

Шабуылшы допты тартып алуға жасаған төрт әрекетінің бәрінде жеңіске жетті. Сонымен қатар бір рет допты қағып алып, жердегі алты жекпе-жектің бесеуінде басым түсті. Sofascore статистикалық платформасы Сәтпаевтың ойынына 7,1 балл қойды. Қонақтар құрамында Лукас Пирес пен Грегуар Кудердің бағасы жоғары болды.

Екінші таймның басында Сәтпаев Майк Трезорға гол соғатын мүмкіндік жасап берді. Алайда бельгиялық футболшының соққысын алаң иелерінің қақпашысы қайтарды. 80-минутта қазақстандық ойыншыны Якоб Бруун Ларсен алмастырды.

Негізгі уақыт голсыз аяқталды. Пенальти сериясында «Брэдфорд Сити» 4:2 есебімен жеңіп, турнирдің үшінші раундына өтті. Зеки Амдуни допты қақпаға дәл бағыттай алмады, ал Бруун Ларсеннің соққысын Джон Маккракен қайтарды.

«Бернли» келесі ойынын 29 тамызда Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичке» қарсы өткізеді.

Сәтпаев «Бернли» құрамындағы ең жоғары бағалардың бірін алды – sport-hub