Сәтпаев үшін бір бәсекелес азайды: «Челси» Гарначоны жалға жіберді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Аргентиналық жартылай қорғаушы Алехандро Гарначо лондондық «Челсиден» уақытша кетіп, мансабын «Астон Виллада» жалғастырады.

Бирмингем клубы 22 жастағы футболшыны 2026/27 маусымының соңына дейін жалға алғанын ресми түрде хабарлады.

Келісімде ойыншыны кейін толық сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Өткен маусымда Гарначо барлық турнирде 43 матчқа қатысып, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берді. Transfermarkt мәліметі бойынша, аргентиналық футболшының нарықтағы бағасы 28 миллион еуроны құрайды.

2025/26 маусымының қорытындысы бойынша «Астон Вилла» Англия Премьер-лигасында 65 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды және Чемпиондар лигасына жолдама алды. Ал «Челси» чемпионатты 52 ұпаймен тек оныншы орында аяқтады.

Гарначоның кетуі «Челсидің» шабуыл шебіндегі ойын уақытының бөлінуіне де әсер етуі мүмкін. Жазда «Челсидің» негізгі командасына Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев қосылды. Ол лондондық клуб сапында екі бақылау ойынына қатысып үлгерді.