Сенегал құрамасының бапкері әлем чемпионатына барудан бас тартуы мүмкін

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Сенегал ұлттық құрамасының бас бапкері Пап Тьяв келісімшарт жағдайына байланысты 2026 жылғы әлем чемпионатына барудан бас тартуы ықтимал.

dsports.sn мәліметінше, 45 жастағы маманның Сенегал футбол федерациясымен жасаған келісімі ақпан айында аяқталған. Соған қарамастан бапкер ұлттық командамен ресми келісімшартсыз және жалақысыз жұмысын жалғастырып жатыр.

Тьяв жолдастық матчтарды ұйымдастырумен, құрам жасақтаумен және оқу-жаттығу жиындарын өткізумен айналысқан.

Бастапқыда Сенегал құрамасының АҚШ-қа ұшуы сәрсенбіге жоспарланған еді. Алайда бас бапкер келісімшарт мәселесі шешілмесе, командамен бірге бармайтынын айтып, сапар кейінге шегерілді.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Топтық кезеңде Сенегал құрамасы Франция, Норвегия және Ирак құрамаларымен кездеседі.