Щучинскіде тасжолдағы велоспорттан Қазақстан чемпиондары анықталды

Фото: kcfkz
Он күн бойы елдің ең мықты велошабандоздары жекелей және топтық жарыстарда, сондай-ақ командалық эстафетада ұлттық біріншіліктің жүлделері үшін бақ сынады.
Жарыстың соңғы күнінің басты кейіпкері XDS Astana Team командасының өкілі Николя Винокуров болды. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың ұлы өз мансабында алғаш рет Қазақстан чемпионатының топтық жарысында алтын медаль жеңіп алды.
180 шақырымдық қашықтықтың соңғы бөлігінде Винокуров командаластары Евгений Федоров пен Антон Кузьминмен бірге шешуші шабуылға шығып, алға озды. Үштік мәреге дейін басымдығын сақтап, XDS Astana Team командасына толық жүлделі тұғырды қамтамасыз етті.
Ерлер арасындағы жекелей жарыста Евгений Федоров жеңіске жетсе, Николя Винокуров екінші орын алды, ал Антон Кузьмин қола жүлдегер атанды. Әйелдер арасында Рината Сұлтанова топ жарып, Ақпейіл Үсім мен Фаина Потапованы артта қалдырды.
Әйелдер арасындағы топтық жарыста да алтын медальді Рината Сұлтанова иеленді. Күміс жүлде Елизавета Скляроваға бұйырса, Виолетта Казакова үшінші орынды қанағат тұтты.
Командалық эстафетада Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Астана командасы иеленсе, Жетісу облысының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Тасжолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионаты 19–28 маусым аралығында Щучинскіде өтіп, елдің үздік спортшыларын жинады.