Шираз Алимханұлымен жекпе-жекке байланысты WBO титулынан бас тартуы мүмкін

Фото: facebook_Frank Warren
Екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізуге байланысты белбеуінен бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Еске салайық, ұйым Әлімханұлын Шираздың титулына міндетті үміткер ретінде ресми түрде бекіткен болатын. Тараптар 3 қыркүйекке дейін келісімге келуі керек. Әйтпесе WBO промоутерлік сауда өткізеді.
«Мұны командаммен талқылауым керек. Олардың шешімі сені тығырыққа тіреп, осы туралы ойлануға мәжбүр етеді. Егер мен осындай қадамға барсам, бұл толықтай негізді болар еді. Мен үнемі қағидаттар туралы айтамын. Әңгіме таза спортшы болу және таза спортшыларды қолдау туралы», – деді Шираз Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.
Бұған дейін қазақстандық боксшы допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін дисквалификацияланған еді. Кейін WBO оның шеттетілу мерзімін мерзімінен бұрын қысқартып, боксшыны рейтингтеріне қайтарды. Ұйым істі қарау барысында медициналық құжаттарды, бұған дейін ереже бұзбағанын және боксшының кәсіби беделін ескерді.
Әлімханұлы жазда орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, екінші орта салмақ дивизионына көтерілді. Бұған дейін қазақстандық боксшы WBO және IBF белбеулерін қатар иеленген. Оның кәсіпқой бокстағы рекорды – 17 жеңіс, жеңіліссіз. Ал Шираздың еншісінде 24 жеңіс пен бір тең нәтиже бар.