Шнайдер мен Мертенс US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шықты

Фото: Jimmie48
Сегізінші нөмірлі жұп Диана Шнайдер мен Элисе Мертенс Се Шувэй мен Елена Остапенконы жеңіп, US Open-2026 турнирінің жұптық сайысында жартылай финалға жолдама алды.
1 сағат 27 минутқа созылған кездесу 7:5, 6:3 есебімен Шнайдер мен Мертенстің пайдасына аяқталды. Олар бір эйс жасап, екі рет қосарланған қателік жіберді және брейк-пойнт бойынша алты мүмкіндіктің төртеуін пайдаланды. Ал Се Шувэй мен Остапенко төрт эйс жасап, доп бергенде екі рет қателесті. Олар қарсыластарының берген добын қабылдаудағы үш мүмкіндіктің екеуін брейкке айналдырды.
Енді Шнайдер мен Мертенс финалға шығу үшін чехиялық Катержина Синякова мен америкалық Тэйлор Таунсенд жұбына қарсы ойнайды.
Айта кетейік, Синякова мен Таунсенд қазақстандық жанкүйерлерге Анна Данилина және Александра Круничпен болған кездесулері арқылы жақсы таныс. Биыл қазақстандық-сербиялық жұп оларды Australian Open турнирінің ширек финалында жеңген. Алайда кейін Индиан-Уэллстегі турнир мен «Ролан Гаррос» финалында осы жұптан жеңіліп қалды.