Зверев Дардериден есе қайтарып, US Open ширек финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@usopen

Фото: x_@usopen

Әлемнің екінші ракеткасы Александр Зверев Италия өкілі Лучано Дардериді (ATP рейтингінде 22-орын) жеңіп, US Open-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Төртінші айналымдағы матч 2 сағат 30 минутқа созылып, неміс теннисшісінің пайдасына 6:2, 6:2, 7:6 (7:3) есебімен аяқталды. Зверев 12 эйс жасап, бес рет қос қателікке жол берді және төрт брейк-пойнтты пайдаланды. Ал Дардери тоғыз рет эйс жасап, жеті қос қателік жіберді.

Айта кетейік, неміс теннисшісі бұған дейінгі кездесудегі жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Мамыр айында Дардери төрт матчболды қайтарып, Римде өткен «Мастерс» турнирінің төртінші айналымында Зверевті 1:6, 7:6 (12:10), 6:0 есебімен жеңген болатын.

Енді Зверев ширек финалда Нидерланд өкілі Ботик ван де Зандсхулппен кездеседі.

Сондай-ақ Дардери қазан айында Қазақстанда өнер көрсетеді. Италиялық теннисші 17-25 қазан аралығында «Алматы Аренада» өтетін Almaty Open-2026 турниріне қатысушылар қатарына енді. 2025 жылы да Дардери бұл жарысқа қатысып, екінші айналымда жапониялық Синтаро Мотидзуккиге 3:6, 3:6 есебімен жол берген.