Хачанов бес сеттік матчта жеңіске жетіп, US Open ширек финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@usopen

Фото: x_@usopen

Әлемнің 50-ракеткасы Карен Хачанов америкалық Лёнер Тьенді (ATP рейтингінде 15-орын) жеңіп, US Open-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Төртінші айналымдағы матч 3 сағат 53 минутқа созылып, ресейлік теннисшінің пайдасына 7:5, 4:6, 6:7 (6:8), 6:1, 6:4 есебімен аяқталды. Хачанов тоғыз эйс жасап, жеті рет қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың тоғызын пайдаланды. Ал Тьен сегіз рет эйс жасап, сегіз қос қателік жіберді. Америкалық теннисші қарсыласының добын ойынға қосуын 14 рет бұзуға мүмкіндік алып, соның бесеуін пайдаланды.

Айта кетейік, Хачанов мансабында екінші рет US Open турнирінің ширек финалына шықты. 2022 жылы ол жартылай финалға дейін жетіп, сол кезеңде норвегиялық Каспер Руудтан жеңілген.

Енді Олимпиаданың Токио-2020 ойындарының күміс жүлдегері жартылай финалға шығу үшін 21 жастағы бельгиялық Александр Блокспен (ATP рейтингінде 34-орын) кездеседі. Блокс төртінші айналымда аргентиналық Франсиско Серундолоны 6:3, 4:6, 7:5, 7:5 есебімен жеңді.

Бельгиялық теннисші US Open-ның негізгі сеткасында алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Ол қазірдің өзінде елінің ерлер арасындағы жекелей сында ширек финалға шыққан алғашқы өкілі атанды. Хачанов пен Блокс бұған дейін өзара кездеспеген.