Швёнтек Рыбакинаның Цинциннатидегі жарақатына қатысты пікір білдірді

Фото: Jimmie48
Әлемнің бесінші ракеткасы Ига Швёнтек WTA-1000 санатындағы Цинциннати турнирінің ширек финалында Елена Рыбакинаның алған жарақатына қатысты пікір білдірді.
Рыбакина бірінші сет барысында сол аяғының ауырғанын сезінді. Қазақстандық теннисші есеп 1:4 болған кезде ойынды жалғастырудан бас тартты.
«Шынымды айтсам, аздап қорқып кеттім. Бұған дейін ойыншының мұндай жарақат алғанын көргенім есімде жоқ. Оның жағдайы нашар екені бірден байқалды. Ол медициналық тайм-аут алған кезде алаңға қайта орала ма, жоқ па, білмедім. Сондықтан барынша назарымды сақтап, ойынды жалғастыруға дайын болуға тырыстым. Мұндай үзілістер ойын ырғағына әсер етуі мүмкін. Бірақ оның жарақат алғанына қатты өкінішті болдым. Жарақаты ауыр емес деп үміттенемін», – деді Швёнтек.
Айта кетейік, Швёнтек Цинциннати турнирінің қазіргі чемпионы және өз титулын қорғауды жалғастырып жатыр. Ширек финалдан кейін оның Рыбакинамен өзара кездесулердегі басымдығы 8:6-ға жетті. Егер қазақстандық теннисші жеңіске жеткенде, есепті теңестіруге мүмкіндік алар еді. Алайда ол тобық жарақатына байланысты кездесуді аяқтай алмады.
Поляк теннисшісі финалға шығу үшін әлемнің үшінші ракеткасы Джессика Пегуламен кездеседі. Пегула ширек финалда Аманда Анисимованы 6:4, 2:6, 7:6 есебімен жеңді.
Швёнтек пен Пегула бұған дейін 12 рет кездескен. Польша өкілі жеке кездесулер есебінде 7:5 алда келеді. Олардың соңғы матчы 2026 жылғы Рим турнирінің ширек финалында өтіп, Швёнтектің 6:1, 6:2 есебімен жеңісімен аяқталған.